«Жастардың репродуктивті денсаулығы басты назарда! «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен кезекті семинар өтті. Назарға сау жүктілікті жоспарлау тақырыбы алынды. Басты мақсаты – қыз-келіншектердің денсаулығын сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарға сауатты медициналық кеңес беру дейді ұйымдастырушылар.
Семинарға гинеколог-эндокринолог, акушер-гинеколог, ультрадыбыстық пренатолог мамандары арнайы шақыртылды.
Семинарда әйел денсаулығына қатысты орын алып отырған проблемалар талқыға салынды. Өкініштісі сол, нәзік жандар өз денсаулығына уақытылы көңіл бөлмейді. Бұл – болашақ ананың ғана емес, тұтас отбасының тағдырына әсер етеді деді жиынға қатысушылар. Сондықтан мұндай ашық кездесулер жастардың медициналық сауаттылығын арттыруға сеп болатынын алға тартуда.
Семинар аясында білікті мамандар жүктілікті дұрыс жоспарлау жолдары туралы кеңінен баяндап, ерте жүктіліктің қауіпті тұстарын түсіндірді. Қыз-келіншектер мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.
Бұл бағыттағы ақпараттық насихаттық шаралар «AMANAT» партиясы тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табады.
