1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні! Алайда, еліміздің басты капиталы әрі болашағы болып табылатын балаларды қорғау — тек мерекеде ғана еске түспейді. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі — әрдайым басты назарда! Осы ретте, Түркістан облысында бала қауіпсіздігіне қатысты ата-ананың жеке жауапкершілігін күшейту, қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ ұстанымын қалыптастыру мақсатында ауқымды форум ұйымдастырылды. Осылайша Құзырлы орган өкілдері, жауапты мамандар мен ата-аналар «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» форумында бас қосты.Жиында өңірдегі өзекті мәселелер мен ащы шындықтар ашық айтылды. Сандарды сөйлетсек! Жыл басынан бері 22 суицид оқиғасы тіркелген.
Бұл жиын дәстүрлі ұзақ баяндамалардан бас тартып, заманауи TEDx моделіне негізделді. Нақты оқиғаларға негізделген бейнематериалдар көрсетіліп, спикерлер мен ата-аналар арасында ашық диалог орнатылды. Жоғары білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды бағыттарды ортаға салды
Бала тәрбиесінде бүгінде смартфонның алар үлесі өте үлкен. Баланың көретін контенті, араласатын виртуалды ортасы оның психикасы мен өміріне тікелей әсер етуде. Форумға келген ата-аналар да қазіргі қарбалас заманда уақыттың жетіспеушілігі басты кедергі екенін жасырмады.
Форум барысында тек мәселе айтылып қана қоймай, нақты цифрлық және құжаттық шешімдер қабылданды.
Мамандар бала қауіпсіздігін үш негізгі бағытта қарастыруды сұрады: физикалық қауіпсіздік, эмоционалдық-психологиялық қолдау, әлеуметтік және құқықтық жауапкершілік. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде су айдындары, жол қозғалысы, түнгі уақыттағы бақылау және зиянды ықпалдар мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда облыста 18 ведомствоаралық комиссия мен жедел штаб жұмыс істейді. Прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске асырылуда. Дегенмен, бала тек ата-ана мен мектептің ғана емес, тұтас қоғамның бақылауында болуы тиіс.
Алдағы уақытта облыста ата-аналармен жұмыстың жаңа форматы енгізіледі: мазмұнды жиналыстар, бала қауіпсіздігі бойынша чек-парақтар, қоғамдық орындардағы мобильді кеңестер мен жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылау тетіктері іске қосылмақ.
