Шымкент қаласындағы Shymkent Hub алаңында SafeNet Hackathon өтті. Іс-шараның басты мақсаты — цифрлық қауіпсіздікті нығайту, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын заңсыз әрекеттер мен алаяқтық схемаларды анықтауға арналған тың шешімдер әзірлеу. Бүгінде интернеттегі алаяқтық түрлері көбейіп, азаматтардың жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналды. Жалған аккаунттар, күмәнді сілтемелер мен алдау арқылы ақша иемдену әрекеттері желі қолданушыларына айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай қатерлерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін технологияларды дамыту маңызды.
Іс-шара Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Хакатон қорытындысы бойынша үздік жобалар ұсынған командалар арнайы жүлделермен марапатталып, өз әзірлемелерін одан әрі дамытуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, әлеуеті жоғары қатысушыларға сала мамандарымен тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады.Басты мақсат жас мамандардың инновациялық идеяларын қолдау арқылы цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу және интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған тиімді шешімдерді дамыту.
Хакатон барысында қатысушылар цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерді талдап, заңсыз контент пен күмәнді әрекеттерді анықтауға бағытталған жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды. Мұндай бастамалар жастардың технологиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, киберқауіпсіздік саласындағы жаңа идеялардың дамуына жол ашады.
Хакатон аясында қатысушыларға үш тақырыптық бағыт ұсынылды. Командалар өздері таңдаған кейс бойынша нақты мәселені шешуге арналған технологиялық прототип әзірлейді. Жобаларды жүзеге асыру кезінде жасанды интеллект, деректерді талдау және заманауи IT-шешімдерді қолдануға мүмкіндік бар. Байқаудың жүлде қоры да қатысушыларға серпін бермек. Атап айтқанда, бірінші орын иегерлеріне 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың теңге, ал үшінші орын алған командаға 200 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады. Жеңімпаздар қаржылай марапаттан бөлек, өз жобаларын жетілдіріп, әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады.
SafeNet Hackathon қатысушылар үшін жүлделі орындарға таласумен шектелмей, кәсіби дамуға жол ашатын маңызды алаң. Мұнда жастар цифрлық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тың идеяларын тәжірибеде сынап, технологиялық жобаларын жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, IT-сала мамандарымен пікір алмасып, өзара тәжірибе жинақтау арқылы болашақтағы кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мұндай бастамалар инновациялық шешімдердің дамуына серпін беріп, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады.
