УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ ҚҰРУДЫ ҰСЫНДЫ

Screenshot

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ел халқына жолдауын жариялады. Президент бірпалаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Енді елде 2027 жылы жалпыұлттық референдум өтеді. Президенттің сөзінше, мәжілістің құрамы жұмысын жалғастыра береді. Ал Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді.

«Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын» ,-деді.

Президент Жолдауда электрсамокат мәселесін де көтерді. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ. Әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек, — деді Тоқаев. Сондай-ақ әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат екенін жеткізді. «Жер тек қадірін білетін азаматтарға берілуі тиіс». Осылай деген Мемлекет басшысы қазірге дейін 13 миллион гектар жер қайтарылғанын жеткізді. Десе де әкімдіктер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа иелеріне үлестіріпті. Әкімдерге аталған мәселені келесі жылдың ортасына дейін толық шешу тапсырылды.

Президент Жолдауында денсаулық сақтау саласына да тоқталды. Сөзінше «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажеттігін айтты. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет деді Президент. Енді Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруы тиіс. Мемлекет басшысы жастарға қолдау көрсету жалғасатынын айтты. Қазір жер жүзінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделеді. Соның ішінде жасанды интеллектінің жаңа дәуірдегі орны ерекше, деді Президент. Шымкентте Мемлекет басшысының жолдауын қоғам белсенділері, студенттер мен оқытушылар жоғарғы оқу орнының ғимаратында жиналып, мұқият тыңдады. Жастар мемлекет басшысының әр тапсырмасы мен ұсынысын қолдайтындарын жеткізді.

Ал толық емес отбасына берілетін жеңілдік — ажырасқандар санын көбейтті деді президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келген. Президент футболды коммерцияландыру ісін жалғастыруды тапсырды. Сөзінше, кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн.