Грант конкурсы аяқталып, жаңа оқу жылы басталған кезде студенттер қалаға асығады. Ең алдымен олар жатақханаға орналасу қажет. Бүгінде бұл жағдай мегаполисте қалай жүргізіліп жатқанын білдік. Мұхтар Әуезов атындағы оңтүстік қазақстан университетінің жатақханаларына білім алушылар жайғасуда. Ең алдымен өтінім онлайн жүреді. Яғни, студент өзінің жеке кабинетінде жатақханаға өтінім тастап, өз қалауы бойынша ғимараттың номерін таңдайды. Айта кетейік жатақханаға ең алдымен тұл және жартылай жетім балалар мен мүгедектігі барлар қабылданады. Одан кейін, шалғай аймақтарда орналасқан студенттер алынады. Сонымен бірге, аталмыш университетте жыл сайын жатақханаларға жаңарту жұмыстары жүріп отырады екен. Төлемақысы дәліздік типтегі орындар 7000, секциялық типтегі орындар 8000 теңге. Яғни, жылына 80 мың теңгені құрайды.
Бүгінде жатақханаға екінші жыл орналасқан Сабина Серғалиқызы ауылда тұрады. Студент мұнда қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Ол жатақханада күнделікті тұрмыстық техникалар ғана емес, жайлы оқу кабинеттері, WiFi-ға қосылған компьютер бөлмелері бар екенін айтады. Мұндай жағдай сабақ оқып, тапсырмаларды кең көлемде ізденуге мүмкіндік береді дейді.
