Шымкент әкімінің жаңа орынбасары қызметіне кірісті. Арман Сәбитов «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға арналған өңірлік семинар-кеңесте төрағалық етті. Жиынға Шымкент, Түркістан және Жамбыл облыстарының делегациялары, әкімдік өкілдері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер мен қаржы институттары қатысты.
Енді Энергетика мен коммуналдық салада тың бетбұрыс жасалады.
Талқылаудың өзегі – тозығы жеткен инженерлік желілер. Бүгінде Шымкентте кәріз жүйесінің 73 пайыздан астамы ескірген. «Су ресурстары – Маркетинг» компаниясы пайдаланып отырған желілердің жағдайы алаңдатарлық. Сала жауаптыларының айтуынша Жоспар бойынша 164 шақырым кәріз желісі жаңартылмақ. Бұл жұмыс аяқталса, тозу деңгейі үш есеге төмендейді. Жобаның жалпы құны – 44 миллиард теңгеден асады. Жобаның басты мақсаты – саладағы әрбір мекеменің рөлін айқындап, нақты жауапкершілік жүктеу. Өйткені электр жарығы жиі сөніп, жылу жүйелері қыс ортасында істен шығатын жағдай халықтың ашу-ызасын туғызатыны жасырын емес. Семинарлар осы мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған.
Кездесуде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі Арман Мәлік, энергетика мен коммуналдық жүйелерді жаңғырту – халық тұрмысының сапасын арттырудың негізгі шарты екенін айтты. Сондай-ақ отандық өндірушілерді тарту арқылы жергілікті бизнестің дамуына жол ашылатынын ерекше атап өтті.
Сала жауаптыларының айтуынша, семинар өтінім беруден бастап, қаржыландыру алу, тариф пен бағаларды келісу, мердігерлерді таңдау, құрылыс сапасын бақылау және әр тиынның мақсатты жұмсалуына дейінгі бүкіл процесті қамтиды. Бұл – халық үшін әр теңгенің қайда жұмсалғанын айқын көрсететін жүйе. Тағы бір маңызды бағыт жергілікті өндірісті дамыту. Отандық зауыттар мен компаниялар жаңғырту жұмыстарына көбірек тартылмақ. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын ашып, қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға жол ашады.
