Саябақтағы жаңарту жұмыстары еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін ойластырылған. Жаттығуға арналған құрылғылар жаңартылып, спорт алаңшалары ретке келтірілуде. Қала тұрғындары таза ауада серуендеп қана қоймай, денсаулығын да нығайтуға мүмкіндік алып отыр. Әсіресе демеушілердің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу орындарының жасалуы – көптің көңілінен шыққан қадам. Бұл – инклюзивті қоғамға бетбұрыс жасаған, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың да өзін ортадан шеттетілмей сезінуіне жағдай туғызатын игі іс. Дендросаябақтағы ең үлкен өзгеріс – көпшілік күткен кітапхана құрылысы. Бұл бастама тұрғындардың ұсынысымен жүзеге асып жатыр. Енді қала қонақтары мен тұрғындары жасыл ағаштардың көлеңкесінде серуендеп қана қоймай, сүйікті кітаптарын оқып, табиғат аясында уақытын тиімді өткізе алады. Әлемде сирек кездесетін «ашық аспан астындағы кітапхана» форматы Шымкент үшін жаңа мәдени бағыт болатыны сөзсіз. Кітапхана – әрбір адамның жасына қарамай рухани азық алатын, ой өрісін кеңейтетін ерекше орын. Балалар үшін – ертегі мен қиял әлеміне апарар қақпа, жастар үшін – шығармашылыққа қанат бітіретін шабыт мекені, ал ересектер үшін – тыныштық пен ой елегінен өткізетін сәт сыйлайтын мәдени ошақ болмақ.Бүгінгі таңда саябақтағы абаттандыру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Жайқалған жасыл желек, ыңғайлы орындықтар, таза ауа – мұның бәрі қала тұрғындарына табиғатпен етене араласуға жағдай жасайды. Ал алдағы уақытта кітапхананың ашылуы бұл мекенді тек демалыс орны емес, шынайы рухани орталыққа айналдырады. Шымкенттің символына айналған дендрологиялық саябақтағы әр өзгеріс – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жасалған қадам. Бұл – табиғат пен мәдениеттің тоғысқан ерекше кеңістігі, әрбір қала тұрғыны үшін қолжетімді және пайдалы мекен.
Саябақтағы түрлі жұмыстар бізге өте қатты ұнап жатыр деген тұрғындар демалыс орнының күн сайын әдеміленіп келе жатқанына риза. Сонымен бірге мұнда тазалық жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр екен.
Айта кетейік, бүгінде жасыл мекенде құрылыс жұмыстары ғана емес, ағаш түрлері мен санын арттыру жұмыстары да жүруде. Бұл тікелей қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асуда екен. Яғни, мегаполиске шет елдерде өсірілетін түрлі ағаштың көшеттері алынып келіп, қалаға бейімделуде екен.
