Бүгінгі шығарылымда Шымкент төрінде өтіп жатқан XVI Азия чемпионатының екінші жарыс күніне тоқталамыз. Нысана көздеу мен стенд атудан құрлықтық доданың қызған сәттері шаһарда жалғасуда.
Бұл чемпионаттың мәні ерекше. Себебі, Шымкентке Азияның 27 елінен 800-ге жуық спортшы жиналып, ең мықтылар бақ сынауда. Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындарының жүлдегерлері де бар. Сондықтан мұнда әрбір атылған оқ, әрбір нәтиже тарихқа алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Осы орайда Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған спортшылар да барын салуда. Солардың бірі – Ирина Юнусметова. ол пневматикалық тапаншамен 10 метр қашықтықтан оқ атудан финалға жолдама алып, шешуші кезеңде сынға түсті.
Ирина финалда 134,9 ұпай жинап, жалпы есепте 7-орынға тұрақтады. Бұл әлі жас болса да, Азия құрлығындағы ең мықтылардың қатарынан көрінген деген сөз. Финал жанкүйерлер үшін күтпеген сенсацияға толы болды. Себебі жеңіс тұғырына алғаш рет ересектер сапына қосылған қытайлық спортшы Ма Цяньке көтерілді. Ол 243,2 ұпаймен қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Қытай спорт мектебінің жаңа буын өкілінің осындай жоғары нәтижесі баршаға үлкен әсер қалдырды.
Ал, екінші орын үшін талас та өте тартысты өтті. Париж Олимпиадасының чемпионы, 25 метр тапаншадан атуда әлемге танымал оңтүстіккореялық Ян Джин күміс жүлдені қанжығасына байлады. Оның нәтижесі – 241,6 ұпай. Бұл көрсеткіш те өте жоғары, алайда алтынға сәл жетпей қалды.
Үздік үштікті үндістандық Ману Бхакер түйіндеді. Ол соңғы жылдары халықаралық аренада тұрақты өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшы. Бхакердің көрсеткіші 220 ұпайдан асып, қола медальға жеткізді. Командалық сында да мықтылар анықталды. Бұл жаттығуда Қытай құрамасы алтын жүлдені жеңіп алса, Оңтүстік Корея күмісті, ал Үндістан қола медальды иеленді. Қазақстан сапында Ирина Юнусметоваға Ольга Аксенова мен Валерия Попелова серік болды. Олар бар күштерін салып, нәтижесінде құрлық біріншілігін алтыншы орынмен түйіндеді.
Азия чемпионатының тартысты бәсекесі әлі жалғасып жатыр. Алда талай сын күтіп тұр. Қазақстан спортшылары да өз мүмкіндіктерін толық көрсетеді деп сенеміз. Әрбір жарыс күні біз үшін ерекше әсер, жаңа рекордтар мен жаңа жеңістердің куәсі болмақ.