Шымкентте ауыл шаруашылығы санағынан өткізу жұмысы қарқын алған. Бүгінде сала жауаптылары масс-медиа өкілдеріне санақтан өткен ірі шаруа қожалығының жұмысымен таныстырды. Мегаполисте орналасқан “Болашағы зор” шаруа қожалығының иесі Мақсат Лесбекұлы. Сөзінше, мұндағы жұмыстың негізгі бағыты – мал бордақылау. Қазіргі таңда шаруашылықта 800-ге жуық ірі қара, 1000-ға тарта қой және 200-300 шамасында жылқы бар. Жоспар бойынша алдағы қыркүйек айынан бастап бордақыға қойылатын мал саны да артады. Мемлекет тарапынан қолдау бар екенін де жеткізді.
Арнайы қожалыққа қалалық Статистика департаментінің бөлім басшысы да барды. Ержан Төлбасиевтің сөзіне сенсек, Шымкентте 1450 шаруа қожалығы онлайн санақтан өткен. Қала аумағында 7180 шаруа қожалығы бар екен. Олардың барлығын 30 тамызға дейін санақтан өткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін 13 арнайы учаске ашылып, интернетпен және мамандармен қамтылып та қойған.
Ал, санақтан өтпеген шаруа қожалықтарына ескерту беріледі. Оны елемегендерге заң аясында әкімшілік шара қолданылады. Жалпы ауыл шаруашылығы санағы арқылы шаһардағы нақты деректер жинақталады деп күтілуде.
