УАҚЫТ TV
БағдарламаларЖаңалықтар

АЗИЯНЫҢ ТАҢДАУЛЫ МЕРГЕНДЕРІ ШЫМКЕНТТЕ ЖИНАЛДЫ

Screenshot

Бүгінгі шығарылымда Шымкент төрінде өтіп жатқан үлкен спорттық оқиғаға тоқталамыз. 2025 жылдың 16-30 тамызы аралығында Shymkent шутинг Plaza ату кешенінде спорттық атудан XVI Азия чемпионаты өтуде. Бұл дүбірлі додада 27 елден 800-ден астам спортшы бақ сынап отыр. Жарыс екі олимпиадалық спорт түрін қамтиды: нысана көздеу және стенд ату.

Чемпионаттың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Айта кету керек, салтанат барысында Халықаралық атыс спорт федерациясының президенті Лучано Росси мен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бір-біріне сыйлық табыстап, достық пен ынтымақтастықты айқын көрсетті.

Жарыстың жүлде қоры — 700-ден астам медальды құрайды. Олар нысана көздеу бойынша 10, 25 және 50 метрлік тапанша, мылтық жаттығулары, қозғалмалы нысана, сондай-ақ стенд атуда трап, скит, дубль-трап және микс санаттарында сарапқа салынады. Жарыс жас ерекшеліктері бойынша да бөлінген: ерлер, әйелдер, юниорлар мен жасөспірімдер арасында үздіктер анықталмақ.

Ал чемпионаттың басты мақсаты – Қазақстанда және халықаралық деңгейде спорттық атуды дамыту, спортшылардың шеберлігін шыңдау, төрешілер мен жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру.

Чемпионат аясында өткен баспасөз конференциясында Халықаралық федерация өкілдері Қазақстанның әлемдік деңгейде спорт жарыстарын жоғары деңгейде өткізе алатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ бұл дода 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі болып саналатыны да айтылды. Бұдан бөлек, келесі жылғы Азия чемпионаты Алматы қаласында өтетіні хабарланды.

Сонымен қатар, ұлттық құрама спортшысы Валерий Рахымжан Азия чемпионатында өзінің үздік нәтижесін көрсетті. Ол 10 метр пневматикалық тапаншамен ату бойынша финалда 195.1 ұпай жинап, 4-орыннан көрінді.
Валерий іріктеу кезеңінде 585 ұпаймен ақтық сынға өткен болатын. Бұған дейін ол Азия чемпионаттарында 2023 жылы — 6-орын, 2024 жылы — 5-орын алған еді. Бұл жолғы көрсеткіші – оның халықаралық деңгейдегі ең үздік нәтижелерінің бірі.

Финалда жеңісті Қытай спортшысы Кай Ху тойласа, күміс жүлде Оңтүстік Кореядан келген Сухён Хонға, қола медаль ирандық Амир Джохарихуға бұйырды.
Ал Қазақстан сапынан сынға түскен өзге мергендерден: Эльдар Иманқұлов — 23-орын, Никита Чирюкин — 33-орын, Ярослав Махнёв — 38-орынға тұрақтады.

Осылайша, Шымкент төріндегі XVI Азия чемпионаты Қазақстан спортшылары үшін үлкен тәжірибе алаңы әрі Олимпиада жолындағы маңызды кезең болып отыр.