Жеңімпаздарды оркестрмен қарсы алды! Алматыда өткен унифайттан Қазақстан чемпионатында топ жарған шымкенттік жас спортшылар туған жеріне оралды. Жүлдегерлерді теміржол вокзалында туған-туыстары, достары мен ұстаздары салтанатты түрде күтіп алды. Қуанышқа ортақтасқан жұрт жеңімпаздарға қошемет көрсетіп, олардың жетістігін мақтанышпен атап өтті.
21–25 қазан аралығында өткен республикалық дода қазақтың даңқты батыры, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналды. Шымкент қаласынан чемпионатқа 50 жас спортшы қатысып, оның 10-ы жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Байтұрсынов атындағы мектептің «Жас бүркіт» сыныбының тәрбиеленушілері де бар.
Жас бүркіттер жарыста жоғары нәтиже көрсетті. 6-сынып оқушысы Абдурахман Шакиров чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ал 5-сынып оқушысы Умар Мухсинбаев пен 9-сынып оқушысы Жасурбек Шерметов күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар 10-сынып оқушысы Диёрбек Нарметов пен 8-сынып оқушылары Юсуф Раушонов және Алдияр Абай қола медальмен марапатталды.
Бұл – жас спортшылардың ғана емес, олардың бапкерлері мен ата-аналарының да ортақ жеңісі. Тұрақты жаттығу, тәртіп пен табандылықтың арқасында олар республикалық додада өз шеберліктерін дәлелдеді.
Жүлделі оралған жас спортшылардың жетістігі өзгелерге де үлгі. Ендігі мақсат – шеберлікті шыңдап, алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсету.
