УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖГЕ ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУДЫҢ СОҢҒЫ КҮНІ

Screenshot

Шымкентте Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжде құжат қабылдау аяқталуға жақын. Қабылдау еліміздің Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Құжаттарды қабылдау 5 тамыз күні дейін жалғасады. Құжат қабылдаудың алғашқы күнінде-ақ колледж ғимаратының алдында ата-аналарымен бірге келген шамамен 300 үміткер жиналды. Байқау жылдағыдай жоғары деңгейде өтуде. Бұл оқу орны еліміздегі әскери білім берудің орта буынындағы беделді мекемелердің бірі саналады.
6 тамыздан бастап талапкерлер психологиялық тестілеуден өтеді. Оның қорытындысы бойынша олар медициналық комиссиядан өтіп, кейін дене дайындығы бойынша нормативтерді орындайды.
Іріктеудің соңғы кезеңі – тамыз айының екінші жартысында өтетін қабылдау комиссиясының отырысы. Қорытындысында үміткерлер жинаған балл саны бойынша жоғарыдан төмен қарай рейтингпен іріктеледі. Нәтижелер әскери колледждің белгіленген үлгідегі хаттамаларына енгізіледі.

Талапкерлердің бірі – 15 жастағы Данияр Мұхтарбек. ол колледжге құжаттарын әжесі Қулайым Үтеповамен бірге келіп тапсырды. Бұл шешімді Данияр саналы түрде қабылдаған. себебі ағасы да осы оқу орнында білім алған. қазіргі таңда Ресейдің Воронеж қаласындағы әскери академияда оқуын жалғастыруда.

Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары, подполковник Бағдат Жұманбаевтың айтуынша, оқу орны техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша кіші командалық құрамды даярлайды. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай.

Оқыту негізгі орта білім базасында мотоатқыштар бөлімшелерін басқару, танк бөлімшелерін басқару, зымыран және артиллериялық бөлімшелерді басқару мамандықтары бойынша жүргізіледі.
Колледжді сәтті аяқтаған түлектерге кіші сержант әскери атағы беріледі.
Әскери колледжге 15 пен 17 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Осы жылы оқу орнына 140 тәрбиеленушіні қабылдау жоспарланып отыр.