УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ОРДАБАСЫДА ЖЫЛАН ҰСТАУ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Ордабасылық төтеншеліктер жылан ұстау операциясын жалғастырып жатыр. Көбінесе жыландар жылы әрі ылғалды ортаны іздейді. Олар қорек іздеп, өз мекенінен шығып, жеке үйлердің ауласына, саябақтар мен тоғайларға жақындай бастайды. Осындай шақыртулардың бірінде Ордабасы ауданының құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, арнайы құралдың көмегімен жыланды ұстады. Сөйтіп оны арнайы ыдысқа салып, азаматтарға қауіп төндірмеу үшін елді мекеннен қауіпсіз жерге жіберді.

Төтеншеліктер жылан табылған кезде адамдарды бөлмеден шығарып, жануарды құлыптап, дереу құтқарушыларды шақыруға кеңес береді. Мамандардың айтуынша, аудан аумағында жылан шағу дерегі тіркелмеген. Дегенмен сақтықты әлсіретуге болмайды.

Төтеншеліктер табиғат аясына шыққанда абай болуды ескертеді. Әсіресе шөпті, бұталы жерлерде жүргенде аяқ киім мен киімге ерекше мән берген жөн. Жыланды өздігінен ұстауға ұмтылу қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін.