Тұрғындардың мәселесі – басты назарда. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұралхан Көшеров кезекті жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш-тілегін тыңдады. Қабылдауға Түркістан, Кентау және Арыс қалаларынан, сондай-ақ Келес пен Сауран аудандарынан тұрғындар келді. Әрқайсысының көтерген түйткілі арнайы қаралды.
Бірі ерекше балаларға арналған балабақша ашуды сұраса, енді бірі апатты үйдегі пәтерлерге қатысты мәселені шешуді және өтемақы төлеуді көтерді. Жер телімдерін заңдастыруды сұраған азаматтар да болды. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалмады. Ақдала мен Береке ауылдарындағы жол салу, көшелерді жарықтандыру, газ тарту, электр желілерін жаңарту және канал қазу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Өңірде елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Алдымен халық саны көп ауылдар қамтылуда. Қабылдау барысында кен орнының жұмысына қатысты шағым да айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мәселе заң бұзушылықпен байланысты болса, жауапты тараптар заң аясында жауап беретінін жеткізді.
Айтылған әрбір мәселе бойынша жауапты басқарма басшылары мен аумақтық органдарға нақты тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, бірқатар өтініш қабылдау кезінде-ақ оң шешімін тапты. Қалған сұрақтар бойынша нақты мерзім белгіленіп, орындалуы жеке бақылауға алынды.
Айта кетейік, облыс әкімдігінің басшылығы тұрғындарды бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдайды. Азаматтар қабылдауға «e-Өтініш» бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына барып жазыла алады.
