Түркістан облысының бюджеті биылғы жылдың алғашқы 7 айында 99,7 пайызға орындалды. Өңір қазынасының шығыс бөлігіне жоспарланған 888,9 миллиард теңгенің 886 миллиарды игерілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 3-орынға жайғасқан. Облыс басшылығы мемлекеттік қаржы нақты нәтижеге жұмыс істеуі керектігін кесіп айтты. Әсіресе «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалар арқылы бөлінген қаражат жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы тиіс.
Ал өңір бюджетінің кірістеріне келсек, 1 тамыздағы мәлімет бойынша жоспар 100,8 пайызға орындалды. Қазынаға жоспардан тыс 7,2 миллиард теңге түскен. Оның ішінде облыстың өзіндік кірістері 103,9 пайызға орындалып, нақты түсім 182,2 миллиард теңгені құрады. Бұл – жоспардан 6,8 миллиард теңгеге артық. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзіндік кіріс 11,8 пайызға өскен.
Мәжілісте қаржы саласындағы көрсеткіштері төмен аудан, қала әкімдерінің де есептері тыңдалды. Өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен жергілікті әкімдерге бюджет қаражатын сапалы игеріп, кіріс көлемін одан әрі арттыруды тапсырды. Сондай-ақ облыста ашылған жаңа кәсіпорындарға жергілікті тұрғындарды тарту жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
