Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жоба қолға алынбақ. Өңірде күнбағыс майын, целлюлоза, полимер, тыңайтқыш және шина өндіретін зауыттар салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында айтылды. Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында полимерлік дисперсиялар өндіретін автоматтандырылған зауыт салу көзделген. Бұдан бөлек, мақта мен сабаннан целлюлоза өндіретін кәсіпорын және күнбағыс майын өңдейтін зауыт бой көтереді.
Инвесторлармен кездесуде облыс басшылығы жобалардың созбалаңға салынбай, нақты мерзімде басталуын талап етті. Әкімдік инвесторларға 2 гектар жер бөлуге дайын екенін айтып, егер алты ай ішінде құрылыс басталса, өндірісті кеңейтуге қосымша жер қарастырылатынын жеткізді.
Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 17 гектар аумақта жүк көліктері мен автобустарға арналған шина шығаратын кәсіпорын бой көтермек. Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылғалы отыр. Бұдан өзге Сауран ауданында сұйытылған көмірсутек газын сақтау және автоцистерналарға теміржол арқылы құю базасын салу да жоспарланған.
Ал Мақтаарал ауданында жіп иіру фабрикасын, Сайрам ауданында қойма кешенін іске қосу жоспарланған. Инвесторлардың айтуынша, бірқатар жобаның құрылысы қыркүйек айында басталады.
Облыс басшылығы инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеп, инвесторларға қажетті жағдай жасауды тапсырды. Олардың айтуынша, жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс көлемін арттыратын жобаларға басымдық беріледі. Айта кетейік, соңғы сегіз жылда Түркістан облысының экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылған.
