Түркістандағы ботаникалық бақ туристер қызығатын демалыс орындарының біріне айналды.
Екі жыл бұрын баққа әкелінген сәнқой тауыстар киелі мекенге толық жерсініп, қазір олардың саны 40-қа жетті. Балалардың қуанышын арттыру мақсатында саябаққа жануарлардың тағы 9 түрі жеткізілген.
Бұл аумақта өсімдік әлемі де қарқынды дамуда. Табиғи ортада бір-бірімен ешқашан қатар өспейтін 70-тен астам өсімдік түрі қазір жылыжайда жерсіндіріліп, тіпті жеміс беретін кезеңге жетті.
Қала тұрғындары бұл демалыс орнына әсіресе күн суытқанда жиі келеді. Себебі жылыжай ішіндегі ауа температурасы жыл он екі ай бойы 25 градустан төмендемейді.
Жаңа оқу жылында мұнда мектеп оқушылары мен студенттердің қатары көбейеді деп күтілуде. Аумақта биология сабақтары мен сурет салу бойынша практикалық дәрістер ұйымдастырылады.
