УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШОЛАҚҚОРҒАНДА ЗАМАНАУИ ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында жаңа қонақүй пайдалануға берілді. Жаңа нысан туған өлкенің туристік әлеуетін арттырып, ауданға келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қонақүйді кәсіпкер Ержан Әбілпаттаев өз қаражаты есебінен салған. Бүгінде жаңа нысан ашылып, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ғимараттағы әр бөлмеде қонақтар үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылған.

Қонақүйдің ашылу салтанатына Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа жобаларды жүзеге асыруға қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

Тарихы терең, табиғаты көркем Созақ ауданына келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Осы ретте сапалы қызмет көрсететін қонақүйлер мен туристік нысандардың бой көтеруі – өте маңызды.

Созақтың туристік әлеуетін дамытуға мүмкіндік мол. Ауданда тарихи және табиғи нысандар аз емес. Ендігі міндет — сол орындарға келетін саяхатшыларға сапалы қызмет көрсетіп, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Шолаққорғанда ашылған жаңа қонақүй — осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі.