Сайрам ауданында ғасырдан астам тарихы бар «Манкент» теміржол вокзалы жаңғыртылып, қайта пайдалануға берілді. Жаңарған нысан жолаушыларға заманауи әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
1916 жылы салынған вокзал ғимараты Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жаңартылды. Жобаның жалпы құны – 576 миллион теңге.
Жаңа вокзалда жолаушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда 90 орындық кең күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы мен асхана бар. Ана мен балаға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлмелер де қарастырылған.
Сонымен қатар медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі және көліктегі полиция қызметкерлеріне арналған кабинет жабдықталған. Ұзындығы 550 метр болатын перрон да толық жаңартылып, вокзал аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды.
Жаңғырту нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл Түркістан облысында 5 теміржол вокзалының инфрақұрылымы жаңартылды. Олар – Түлкібас, Манкент, Темір, Арыс және Сарыағаш станциялары.
Тарихы терең Манкент вокзалының жаңаруы – Сайрам ауданының көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Енді аудан тұрғындары мен қонақтары заманауи талапқа сай жабдықталған вокзал қызметін пайдалана алады.
