Енді сайрамдықтар мал базарына костюм-шалбармен баратын жағдайға жетеді! Сайрам ауданында аустралиялық технология бойынша мал сату биржасының құрылысы басталды.
Ақсу ауылында құны 5,2 миллиард теңге болатын ауқымды жобаның құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты.
Мал биржасы 24 гектар аумақта орналасады. Қазір құрылыс алаңын дайындау және іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс материалдарының 30 пайызы Аустралиядан, 70 пайызы Түркиядан жеткізілмек.
Кәсіпорын толық іске қосылған кезде бір мезетте 5 мың бас ірі қара, 4 мың жылқы және 10 мың бас уақ мал қабылдай алады. Бұл – өңірдегі мал саудасын халықаралық талаптарға сай ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғанда 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қызметкерлердің орташа жалақысы 300 мың теңге шамасында болады деп жоспарланған. Ауқымды жобаны 2026–2027 жылдары толық іске қосу көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, жаңа мал биржасы Сайрамның ғана емес, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға серпін береді.
