УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

МАҚТААРАЛДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТКЕН

Мақтаарал ауданында жер үйлер орналасқан тұрғын алаптарда есірткінің заңсыз айналымының алдын алу және анықтау мақсатында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.

Рейд барысында полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің аулаларын, кафелер мен ойын-сауық орындарын тексеріп, тұрғындарға есірткінің зияны мен заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ауданда есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Құқық қорғау органдары тек рейдтермен ғана шектелмей, жастар арасындағы профилактикалық шараларға ерекше мән беруде.

Осы мақсатта аудандағы 59 мектеп пен 2 колледжде «Салауатты өмір салты» тақырыбында 200-ден астам кездесу ұйымдастырылды. Шараларда оқушылар мен студенттерге есірткінің адам денсаулығына тигізер зияны, оның құқықтық салдары және заңсыз айналымға араласудың жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар жыл басынан бері полиция қызметкерлерінің қатысуымен 30-дан астам рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде биылғы жылдың жеті айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 11 қылмыстық іс тіркеліп, 8 әкімшілік хаттама толтырылды.