Сауран ауданында тазалық шарасы жалғасуда! Бұл жолы Шаға ауылдық округіне қарасты «Қазақстанның 30 жылдығы» ауылының тұрғындары қолдарына күрек пен сыпырғы алып, ауыл тазалығына өз үлестерін қосты.
Экологиялық акцияға ауыл әкімінен бастап, мемлекеттік қызметкерлер мен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Негізгі жұмыстар ауылдың орталық жолы мен қоғамдық орындарда жүргізілді. Көшелер күл-қоқыстан тазартылып, шашылған қалдықтар жиналды, айналаны абаттандыруға басымдық берілді. Арнайы техника жұмылдырылып, жиналған қоқыс белгіленген орындарға шығарылды.
Тазалық жұмысына жастар да белсенділік танытты. Бірі көшелерді тазаласа, енді бірі қоғамдық орындардың айналасын ретке келтірді. Осылайша сенбілік ауылдың ажарын ашып қана қоймай, ортақ іске жұмылған жұрттың ұйымшылдығын көрсетті.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл — бір күндік тазалық шарасы емес. Сенбілік жұмыстары алдағы уақытта да үнемі жалғасады. Себебі бұл – туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыратын ортақ бастама. Елді мекеннің көркеюі тек атқарушы органдардың жұмысы емес, әр тұрғынның жауапкершілігіне тікелей байланысты дейді жауаптылар.
Экологиялық акцияның негізгі мақсаты да — осы. Яғни қоршаған ортаны таза ұстау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау әдетін қалыптастыру.
