Түркістан жастары бір толқында! Киелі шаһарда Халықаралық жастар күні кең көлемде аталып өтті. «Жібек жолы» саябағында ұйымдастырылған шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жас буынды мерекемен құттықтады.
Фестиваль аясында әкім арнайы тілегін жазып, жастармен естелік суретке түсті.
Мерекелік кеште жастардың өнері мен шығармашылық әлеуеті кеңінен көрінді. Бағдарламада музыкалық және би қойылымдары, сән көрсетілімі, акробатикалық шоу мен түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылды.
Бүгінде Түркістанда 78 мыңнан астам жас бар. Бұл – қала тұрғындарының 31 пайыздан астамы. Жас түркістандықтар спорт, білім, ғылым, өнер және жаңа технология салаларында жетістіктерімен танылып жүр. Олардың қатарында халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшылар да бар.
Жастардың білім мен ғылымдағы жетістіктері де аз емес. Республикалық ғылыми жобаларда топ жарып, түрлі білім сайыстарында жүлде алып жүрген өрендер қала жастарының әлеуетін айқын танытуда. Шара аясында бір топ жас маман қала әкімінің қолынан марапат алды.
Мерекелік кеш жастардың басын қосып қана қоймай, олардың жаңа бастамаларға деген жігерін арттырды. Себебі бүгінгі белсенді әрі білімді жас – Түркістанның ертеңгі дамуының басты қозғаушы күші.
