УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТАҒЫ СУСЫН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚУАТЫ АРТАДЫ

Түлкібастағы сусын өндірісінің көлемі еселенеді. Ауданда ауызсу және алкогольсіз сусын шығаратын зауыттың екінші кезеңіне жол ашылды. Кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру үшін жаңа өндірістік нысанның іргетасы қаланды.

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Аймақ басшысы өндірісті кеңейту өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, бюджет түсімдерін көбейтетінін атап өтті.

Кәсіпорынның алғашқы кезеңіне 9 миллиард теңге инвестиция тартылып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазір зауыт жылына 120 мың тонна алкогольсіз сусын өндіреді. Өнімнің басым бөлігі сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Атап айтсақ, өндірілген сусындардың 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталады. Қалған 23 пайызы ішкі нарықта саудаланады.

Енді кәсіпорынның екінші кезеңіне 8 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталмақ. Жоба іске қосылғанда өндіріс көлемі жылына 400 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар тағы 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Зауытты келесі жылы толық іске қосу жоспарланып отыр. Өндірістің кеңеюі бюджетке түсетін салық көлеміне де оң әсер етеді. Жыл соңына дейін кәсіпорыннан бюджетке шамамен 450 миллион теңге түседі деп күтілсе, өндіріс толық қуатына шыққаннан кейін бұл көрсеткіш 800 миллион теңгеге жуықтамақ. Бұл жоба Түлкібастың өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді.