УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТУДА

Шымкентте биыл қала экономикасына 300 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның 275,2 миллиард теңгесі — жеке инвесторлардың қаржысы. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 950 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Инвестициялық белсенділіктің артуына өндірістік инфрақұрылымның дамуы оң ықпал етуде. Қазір Шымкентте жалпы аумағы 1,5 мың гектардан асатын 5 жаңа өндірістік алаң дайындалып жатыр. Осы негізде 2030 жылға дейін бұл аумақтарда жалпы құны 4,4 триллион теңгені құрайтын 164 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 19 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Айта кетейік, бүгінде қалада 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Онда 348 жоба іске асырылып, 9 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.