УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТАЗАЛЫҚ ТАЛАБЫН БҰЗҒАНДАР 180 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Тазалыққа талап күшейді. Дегенмен қоғамдық орындарға қоқыс тастап, санитарлық талаптарды сақтамайтындар әлі де бар. Түркістан облысында мұндай заң бұзушылықтарға бақылау күшейтіліп, ережеге пысқырып та қарамайтындарға әкімшілік шара қолданылуда. Жыл басынан бері өңірде санитарлық талаптарды бұзу және қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер бойынша 11 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде құқық бұзушыларға 180 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Тазалыққа қатысты мәселелерді тұрғындардың өздері де көтеріп отыр. «Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына жыл басынан бері 1700-ден астам өтініш түскен. Әрбір шағым бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал өткен аптада Ордабасы, Төлеби және Мақтаарал аудандарында арнайы мониторинг жүргізілді. Мамандар саябақтар мен скверлердің, көпқабатты үйлер аулаларының тазалығын тексеріп, 153 кемшілік анықтаған. Облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне қоқыс үйінділері жиі пайда болатын аумақтарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ рейд жұмыстарын күшейтіп, аулалар мен демалыс орындарының тазалығын жүйелі қамтамасыз ету міндеттелді.

Тазалық жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған жағдайда ауылдық округ әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігі де қаралмақ.

«Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Сондықтан өңірде тазалық талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.