Енді студенттердің сабаққа қатысуы автоматты түрде тіркеледі. Түркістан өңіріндегі колледждерде білім беру сапасын арттыру үшін цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Соның бірі – Face ID жүйесі. Бүгінде облыста 50 колледж жұмыс істейді. Мұнда 84 мамандық бойынша 39 мыңнан астам жас білім алуда. Ал Face ID жүйесі облыстық білім басқармасына қарасты 25 мемлекеттік колледждің 20-сына енгізіліпті. Жүйе студенттің сабаққа қатысуын автоматты түрде растауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар колледждерде қаржылық операцияларды бақылауға арналған «Фаворит» бұлтты бухгалтерлік жүйесі және жасанды интеллект негізінде әзірленген «Baqylau-kz» платформасы іске қосылып жатыр.
Сандарды сөйлетсек! Өткен жылы «Жас маман» жобасы аясында 11 колледжді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Ал колледж бітірген 12 мыңнан астам түлектің 81 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Ал биыл 13 мыңнан астам студент оқуын тәмамдады. Жыл қорытындысы бойынша түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішін 83 пайызға жеткізу жоспарланған.
