Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында ламинат өндіретін жаңа зауыт ашылды. Жоба өңірдегі импортты алмастыруға бағытталған ірі өндірістердің бірі саналады.Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтты.
Жобаның жалпы құны – 5 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 840 мың шаршы метр ламинат өндіруге қауқарлы. Алғашқы кезеңде 65 тұрақты жұмыс орны ашылса, өндірістің екінші кезеңі толық іске қосылғанда бұл көрсеткіш 150 адамға дейін ұлғаяды.
Жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, импорт көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Болашақта кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия елдері мен өзге де сыртқы нарықтарға экспорттау жоспарланып отыр.
Облыс басшылығының мәліметінше, Түркістан өңірінде импортты алмастыруға бағытталған жаңа өндіріс орындарын ашу және инвесторларды тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
