УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ПЛАСТИК ҚАЛДЫҚТАРЫН ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Жетісайда пластик қалдықтарын қайта өңдеп, пластик ыдыстарын шығаратын заманауи зауыттың құрылысы қарқын алған. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын жобаның құрылысымен Облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы танысып қайтты.  Әкім жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жаңа кәсіпорында пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріске қажетті пластик өнімдері шығарылады. Зауыт жылына 10 миллион дана өнім өндіруге қауқарлы болады. Ең маңыздысы өндіріс орны іске қосылса,  70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Қосымша ақпар, Жетісайдағы 59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30 миллиард теңгеден асатын бес зауыттың құрылысы жүргізілуде. Барлық жобалар толық іске қосылғанда мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, өндірісті дамытуға қажетті инфрақұрылым дайындалған. Қазіргі таңда Түркістан облысында «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр.