Түркістан облысында биылғы астық жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Өңір еліміз бойынша алғашқы болып бидайды орып, өнімді қамбаға жинау кезеңіне жетті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданындағы «Үшбастау» өндірістік кооперативінің егін орағы барысымен танысты. Мұнда бидай пісіп, алғашқы өнім қоймаларға қабылдануда.
Шаруашылықта биыл 700 гектарға бидай, 110 гектарға арпа, 150 гектарға мақсары және 60 гектарға жоңышқа егілген. Соңғы жылдары кооператив су үнемдейтін нөлдік технологияны қолданып келеді. Биыл бұл әдіс 600 гектар бидай алқабына енгізілген.
Заманауи агротехнологиялар топырақ құнарын сақтап, ылғалды тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Шаруашылықта 2500 тонна астық сақтайтын қойма, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен астық жинайтын комбайндар бар.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен кездесіп, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңа технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Айта кетейік, соңғы сегіз жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге артқан. Биыл өңірдегі егіс көлемі 919 мың гектардан асты. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді.
