Түркістан облысындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасын жалғайтын «Жібек жолы» кеден бекеті биыл пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров пен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Сарыағаш ауданында қайта жаңғыртылып жатқан нысанның құрылыс барысымен танысты. Жұмыс сапасы мен қарқынын бақылап, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы құны 11 миллиард теңгеден астам болатын жоба аяқталғаннан кейін бекеттің өткізу қабілеті айтарлықтай артады.
Алты жолақты кеден бекеті тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлік пен 200 автобусты қабылдай алады.
Қайта жаңғырту барысында ғимараттардың аумағы екі есеге жуық ұлғайтылып, шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдер жеделдетіледі. Бұл жолаушылар мен көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Нысандағы құрылыс жұмысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Қазір инженерлік инфрақұрылым толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
