УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТАЗАЛЫҚ ТАЛАБЫН БҰЗҒАНДАР 131 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сараланды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Бүгінде өңірде тазалық шаралары мен сенбіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Ал санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға заң аясында 131 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар, «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне бүгінге дейін 1119 өтініш келіп түскен. Барлық өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі бұл платформаны тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы тиімді кері байланыс құралына айналдыруды тапсырды.

Мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағаш отырғызу жұмыстары да сөз болды. Биыл облыста 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Көктемде оның 332 мыңнан астамы егілсе, инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, жоспардың артығымен орындалуы күтілуде. Жыл басынан бері өңірде 3 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 355 мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылып, тазалық жұмыстарына мыңан астам арнайы техника жұмылдырылды.