Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы үш жылда 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, 4 мың 600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
2023-2025 жылдары жобаға республикалық бюджеттен 30,2 миллиард теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы, кооперация және кәсіпкерлік бағытындағы 4 223 жоба жеңілдетілген несиемен қамтылды. Өңір басшысы алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейтетін, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тиімді жобаларға басымдық беруді тапсырды.
Бағдарлама аясында облыста 593 жылыжай салынып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Мал басы 76 мыңнан астамға көбейіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да азайған. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына республикалық бюджеттен 15,3 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы есебінен 1115 жобаны қаржыландырып, 1400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірде балық жемін өндіру, макарон, шұжық және шұлық шығаратын жаңа өндіріс орындарын іске қосу көзделген.
