УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖОЛ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА: МЕРДІГЕРЛЕРГЕ ТАЛАП КҮШЕЙДІ

Түркістан облысында биыл жалпы ұзындығы 1138 шақырымнан асатын жолды қамтитын 224 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Жиында өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне жол құрылысы жұмыстарын жеделдетуді, мердігерлердің жауапкершілігін күшейтуді және сапасыз атқарылған жұмыстарға заң аясында шара қолдануды тапсырды. Сондай-ақ жол бойындағы сервистік нысандарды талапқа сәйкестендіріп, қысқы маусымға дайындықты күшейту міндеттелді.

Қазіргі таңда облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 мың шақырымнан асады. Оның 95 пайызға жуығы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін 103 нысан немесе 445 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жол сапасы да тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері зертханалық тексерулер нәтижесінде талапқа сай келмеген материалдарды пайдаланған мердігерлерге 10 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар олардың есебінен 15 мың шаршы метрден астам асфальт жабыны қайта төселді.

Республикалық маңызы бар жолдарда да жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл 128 шақырымды қамтитын алты нысанда орташа және күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ал келесі жылы «Самара – Шымкент» халықаралық автодәлізінің екі учаскесінде жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған.