Түркістанда Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтті. «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы халыққа адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Сонымен қатар соңғы сегіз жылда Түркістан өңірінде атқарылған ауқымды жұмыстар мемлекеттік қызметшілердің қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін айтты.
Облыс әкімі келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы сегіз жылда өңірде 134 денсаулық сақтау нысаны, 443 спорт нысаны және 185 мектеп пайдалануға берілген. Жалпы өңірлік өнім көлемі үш есеге өсіп, 5 триллион теңгеге жеткен. Түркістан қаласының өзі де қарқынды дамып келеді. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынға шыққан.
Салтанатты жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың марапаттары берілді.
Мерекелік шара облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Бүгінде Түркістан облысында 520 мекемеде 6 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Өткен жылы меритократия қағидаты бойынша 262 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға көтерілген.
Мемлекет басшысының саяси реформалары аясында өңірде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі де жаңғыртылуда. 2021 жылдан бері Түркістан облысында 272 ауыл әкімі тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайланған. Ал өңірлік кадрлық резервке қабылданған 32 жас маманның 19-ы бүгінде жауапты қызметтерге тағайындалған.
Осылайша, Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын халық игілігі жолында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалап, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады.
