Сахнада елу жыл. Түркістан төрінде Татьяна Бурмистрованың мерейтойлық ән кеші өтті. Өнер әлемінде өзіндік орны бар әнші — қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан көрнекті өнер қайраткері. Мерейтойлық кеш оның өнердегі жарқын жолын тағы бір мәрте айшықтап, көпшілікке рухани тағылым сыйлады.
Салтанатты кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мерейтой иесін айтулы белесімен құттықтады. Қазақ мәдениетін дамытудағы елеулі еңбегіне тоқталып, оған ерекше құрмет көрсетті. Сонымен қатар өнер қайраткеріне облыс жұртшылығының ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді.
Кеш барысында әншінің өмірі мен шығармашылық жолын қамтитын арнайы бейнеролик көрсетіліп, қазақтың халық әндері мен дәстүрлі өнер туындылары орындалды. Өнер иесінің орындауындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармалар шырқалып, оның өнердегі жарты ғасырлық еңбек жолы кеңінен насихатталды. Айта өтейік, термеші татьяна — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» және «Отан» ордендерінің иегері.
