УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ ӨНЕРІНЕ ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров«Дара ұрпақ» инклюзивті театрының ұжымымен және жас өнерпаздарымен кездесті. Жылы жүздесуде ерекше балалар өз өнерлерін көрсетіп, театрдың жетістіктерімен бөлісті. Театр құрылтайшылары өңір басшылығына қолдау үшін алғыс айтып, атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Кездесу барысында облыс әкімі театр ұжымына заманауи музыкалық аппаратура сыйға тартып, ерекше балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Бүгінде «Дара ұрпақ» театрында Даун синдромы, аутизм, церебралды сал ауруы және басқа да ерекшелігі бар 100-ге жуық бала актерлік шеберлік, вокал, хореография және пара би бағыттары бойынша білім алуда. Мамандардың айтуынша, театр балалардың әлеуметтік бейімделуіне, сөйлеу және қарым-қатынас дағдыларының дамуына оң әсер етіп отыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында ашылған «Дара ұрпақ» – Түркістан облысындағы алғашқы инклюзивті театр. Алдағы уақытта театр ұжымы өңірлерге гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, ерекше балалардан құралған тұңғыш оркестр құруды жоспарлап отыр.