УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА: ИНВЕСТОРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысында инвестициялық белсенділік артып келеді. Бұл жолы өңір басшысы Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен маңызды кездесу өткізді.

Облыс әкімі шетелдік компания өкілдерімен бас қосып, Қазығұрт ауданында іске асыруды жоспарлаған инвестициялық жобаны талқылады. Кездесу барысында өндіріс орнын орналастыру, қажетті инфрақұрылым тарту, жер телімін белгілеу және жобаны іске асырудың өзге де тетіктері қарастырылды. Компания өкілдері жобаның негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелерін таныстырды.

Өз кезегінде Нұралхан Көшеров өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар жобаны жан-жақты зерделеп, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін қарастыруға келісті.

Айта кетейік, биылғы бес айда Түркістан облысына 614 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 150 пайыздан асты. Ал 2026-2029 жылдары өңірде 122 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.