Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының ашылу салтанаты өтті. Ресми шара Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылды. Мұнда ұлттық нақыш пен заманауи технологияның үйлесімі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шараға өңір басшысы Нұралхан Көшеров арнайы қатысып Халық ойындарының елдегі бұқаралық спортты дамытудағы маңызына тоқталып, Түркістан облысындағы спорт саласының жетістіктерін атап өтті. Спортшылар мен бапкерлерді дүбірлі доданың ашылуымен құттықтады.
Сонымен бірге, салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов қатысып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Халық ойындарының елдегі спорт қозғалысын дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Ойынға Атыраудан арнайы ала доп бәсекесіне келген құрам қатысуда. Әзірге, дәл осы құрама 4 ойын өткізіп төртеуінде де алдыңғы қатарды бермей келеді.
Айта кетейік, дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі ойындар бойынша командалар жасақталған. Солардың бірі сыр елінен келген бес асық ойыншылары. Бүгінде финалға шыққан құрама ойынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, жеңістен дәмеліміз дейді.
Салтанатты жиында командаларға су үстіндегі ерекше шеру таныстырылды. Ашылу салтанаты театрландырылған қойылымдармен, этно-фольклорлық композициялармен және танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Халық ойындарына еліміздің барлық өңірлерінен келген командалар қатысуда. Спортшылар баскетбол 3х3, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисі, футзал, асық ату, қол күресі және гір спортынан бақ сынайды. 20 маусымға дейін жалғасатын жарыстардың қорытындысында үздік спортшылар мен командалар анықталады.
