Түркістан облысында орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Биыл өңірде өрттің таралуын болдырмау үшін жалпы ұзындығы 9,6 мың шақырымнан астам минералданған жолақ жүргізу жоспарланған. Жоспардың алғашқы кезеңі толық орындалды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, орман және дала өрттерін сөндіруге 340 қызметкер, 70 техника және 1 тікұшақ дайын тұр. Сондай-ақ әуеден су алу үшін 10 арнайы орын белгіленген.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында былтырдан бері 10 өрт сөндіру пункті ашылып, олардың көмегімен 25 өрт пен жану оқиғасы жедел сөндірілген. Бұдан бөлек, облыста 37 маусымдық өрт бекетін құру жоспарланса, қазірдің өзінде 33-і іске қосылған. Ал шалғай ауылдардың қауіпсіздігін арттыру үшін 2648 адамнан тұратын 14 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған.
Қазіргі таңда Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі аумағында өртті ерте анықтайтын арнайы жүйелер орнатылуда. Облыс басшысы жауапты мекемелерге өрттің алдын алу шараларын күшейтіп, техника мен жанар-жағармай қорын толық қамтамасыз етуді тапсырды.
