Соңғы күндері өңірде жиілеген жауын-шашынға байланысты жұртшылық арасында «жасанды жаңбыр» жобасы туралы түрлі пікірлер тарады. Алайда мамандар бұл болжамды жоққа шығарып отыр. «Қазгидромет» мәліметінше, Оңтүстік өңірдегі жауын-шашын циклондық үдерістердің әсерінен болып жатыр және оның «Жасанды жаңбыр» жобасына ешқандай қатысы жоқ.
Жоба Мемлекет басшысының жаңа технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Пилоттық бастаманың негізгі мақсаты – шөлейттенуге қарсы күрес жүргізу, құм көшкіндерінің алдын алу және су ресурстарын тиімді пайдалану. Бұл жоба үшін Түркістан облысының таңдалуы да кездейсоқ емес. Соңғы жылдары өңірде құрғақшылық күшейіп, су тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты мамандар атмосфералық ылғалдылықты арттырудың жаңа тәсілдерін сынақтан өткізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, 17 мамырдан бері төрт әуе миссиясы орындалған.
Айта кетерлігі, бұл жобаға мемлекеттік бюджетінен қаржы бөлінбеген. Жұмыстар Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандарымен ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Осылайша, Түркістандағы «жасанды жаңбыр» жобасы әзірге тәжірибелік кезеңде ғана жүргізіліп жатыр. Ал өңірдегі қазіргі жауын-шашын табиғи атмосфералық құбылыстардың нәтижесі екені ресми түрде мәлімделді.
