УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

НӨСЕР ЖАУЫН САЛДАРЫ: КЕЛТІРІЛГЕН ШЫҒЫНДЫ ДЕМЕУШІЛЕР ӨТЕЙТІН БОЛДЫ

Төлеби мен Қазығұрт аудандарында шелектеп жауған жаңбырдан сел жүрді. . Десе де нөсер жауыннан кейінгі жағдай бақылауға алынды. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан бірқатар елді мекенде тұрғын үйлердің ауласына су кіріп, тұрғындар үшін уақытша қиындықтар туындады. Қазіргі таңда жауын-шашын тоқтап, апат салдарын жою жұмыстары қызу жүріп жатыр.  Тасқын салдарын жоюға 100-ден астам маман, 20-ға жуық техника және 14 мотопомпа жұмылдырылды. Арнайы жұмысшы топтар күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Нақты мәліметке сүйенсек,Төлеби ауданында 3 тұрғын үйдің ауласы мен 1 жеке тұрғын үйге, ал Қазығұрт ауданындағы Қыдыр Мәмбетұлы және Жіңішке ауылдарында бірнеше үйдің ауласына жаңбыр суы кірген. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов зардап шеккен аудандарға арнайы барып, ахуалды өз бақылауына алды. Ол жауапты мамандарға су тасқынының алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бұйырды.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, егер тұрғындарға материалдық шығын келгені анықталса, оны өтеу мәселесі демеушілер есебінен шешілетін болады.

Қазіргі таңда аймақтағы өзен-көлдер мен су нысандарының жағдайы жіті бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері халықты сабырлық сақтауға шақырады. Жағдай толықтай тұрақталғанға дейін мамандар жұмысын жалғастыра бермек.