УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан руханияты мен әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлермен кездесіп, пікір алмасты. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов және ақын Қалқаман Сарин қатысты. Кездесуде ел руханияты, ұлттық әдебиет және Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи миссиясы кеңінен талқыланды.   Облыс әкімі мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиет пен мәдениетке қолдау әрдайым жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, олардың шығармашылығы елдің рухани дамуына серпін беретінін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының бастамасымен өңірде ауқымды жаңғыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.  Сонымен қатар жуырда өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның ортақ өркениеттің алтын бесігі, бауырлас халықтардың рухани тұғыры ретінде жоғары бағаланғанын айтты.

Кездесуде қазақ әдебиетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи мұраны дәріптеу бағытындағы бірлескен жобалар талқыланды. Сондай-ақ Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі рөлін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысында зиялы қауым өкілдері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Түркістанның рухани дамуына бағытталған бастамаларға сәттілік тіледі.