Қарапайым пластик шөлмек, қағаз қалдықтары немесе кішкентай пластик қақпақ. Біз күнделікті қоқысқа тастай салатын осы заттар шын мәнінде қоршаған ортаны қорғаудың басты құралына айнала алады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Созақ ауданының мектептерінде нағыз экологиялық қозғалыс басталды. «КАТКО» компаниясының бастамасымен қолға алынған «Жасыл мектеп» жобасы өскелең ұрпақты қалдықтарды сұрыптауға және табиғатты аялауға баулып жатыр. Бүгінде аудандағы білім ошақтарында арнайы эко-фестивальдар өтіп, балалар пластиктің қалай қайта өңделетінін өз көздерімен көруде
2025–2026 оқу жылында бұл жоба ауданның 5 бірдей мектебін қамтыды. Бағдарлама операторы «ECO Network» компаниясының мәліметінше, оқушылар аз уақыт ішінде 1300 келіден астам қағаз, 100 келіден аса пластик бөтелке мен қақпақ жинап үлгерген. Мектеп қабырғасында 30-дан астам экологиялық дәріс өтті. Ең қызығы — мұнда жоғары сынып оқушыларынан құралған «эко-рейнджерлер» кіші сыныптарға табиғатты қорғаудың маңызын өздері түсіндіреді. Жобаның маңыздылығын аудан басшылығы мен серіктес компания өкілдері де жоғары бағалап отыр.
Мұндай жасыл эстафета А.Сүлейменов мектебінен кейін Сүгір Әліұлы және І.Кеңесбаев атындағы білім ошақтарында жалғасты. Ал ертең, яғни 20 мамыр күні экологиялық шаралар Абай және Ж.Қаламбаев атындағы мектептерде өз жалғасын таппақ. Айта кетейік, «КАТКО» компаниясы бүгінге дейін Созақ ауданында әлеуметтік-экономикалық бағытта 490-нан астам жобаны сәтті жүзеге асырған.
«Жасыл мектеп» жобасы — тек қоқыс жинау емес, бұл — балалардың санасына кішкентайынан жауапкершілік ұғымын сіңіру. Бүгін мектеп партасында қалдықты сұрыптап үйренген бала, ертең экологиялық мәдениеті жоғары қоғамның негізін қалайтыны сөзсіз.
