УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында өндіріс қарқыны үдей түсті. Жаңа зауыттар, мыңдаған жұмыс орны және миллиардтаған инвестиция. Өңірге капитал тарту мен ірі жобаларды іске асыру мәселелері инвестициялық штабта талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында іске асырылып жатқан және жоспарланған жобалардың өзекті мәселелері қаралды.Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты. Күн тәртібінде биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар, 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері және инфрақұрылымдық мәселелер талқыланды.

Инвестициялық ахуалды жақсарту – басты басымдық. Әрбір жоба өңір экономикасына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруы тиіс. Сондықтан барлық инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Бәйдібек ауданында 7,6 млрд теңгелік жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытының құрылысы жүргізілуде. Жоба биыл іске қосылады деп жоспарланған. Ал Сайрам ауданында 2,5 млрд теңгеге арнайы техника құрастыратын зауыттың құрылысы 95 пайызға аяқталған.

Жобаны іске қосуға барлық жағдай жасалып жатыр. Қуат көздері мен инфрақұрылым мәселесі шешілсе, өндірісті толық іске қосуға дайынбыз.
Сондай-ақ өңірдің бірнеше ауданында ет өңдеу комбинаттары, жылыжай кешендері, сүт өнімдері зауыттары мен құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары салынуда. Арыс қаласында су үнемдеу технологиясы арқылы жем-шөп дақылдарын өсіру қолға алынған.

Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергілікті экономиканы дамытуға тікелей әсер етеді.Инвестициялық штаб отырысы ашық диалог форматында өтіп, барлық ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Жобалардың іске асырылуы қатаң бақылауда болады.