Мегаполистің тыныштығын қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары Қажымұқан атындағы Орталық стадионына жиналды. Қаз-қатар тізілген құқық қорғау органдарының өкілдері басшының нақты тапсырмасын алып, қаланың бес ауданына рейдке шықты.
Басты мақсат жасөспірімдер арасында қылмысты азайту, қоғамдық тәртіпті сақтау!
Тәртіп сақшыларымен қатар рейдтік шараға жол патрульдік полиция қызметкерлері және еріктілер де келген. Түнгі рейд қала мейрамханаларының бірінде басталды. Тексеру барысында қор қорды емін еркін тұтынып отқан қонақтарды байқадық. Полицейлер мейрамхана әкімшісін шақырып бұған дейін ескертулер жасалғанын айтты. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды дегенді алға тар қандар кальянды тұтынғандарға да сатқандарға да әкімшілік хаттама толтырып берді.
Мейрамханадан шыққан соң, полицейлермен бірге балалар әуес болатын компьютерлік клубтарға жол тарттық. Дегенмен түсірілім тобымен барған ойынханаларда жасөспірім балалар кездеспеді. Ойын ойнап отырғандар жеке куәлігін көрсетіп, кәмелетке толғанын растады. Компьютерлік клуб әкімшісінің айтуынша сағат түнгі он бірден кейін клубқа келушілердің құжаттарын тексеріп кіргізеді екен! Жастардың көп жиналатын тағы бір орын бар: түнгі клубтар мен мейрамханалар. Десе де полицейлер аралаған орындарда заң бұзышулық анықталмады. Дегенмен бұл күні рейдті қала бойынша барлық аудандық полицейлері жүргізді! Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу және профилактикасы, соның ішінде кәмелетке толмағандар тарапынан кешкі және түнгі уақытта жасалатын құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтың алдын алу болып табылады.
Іс-шара аясында, қадағалаусыз жүретін, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде болатын жасөспірімдерді анықтау бойынша мақсатты іс-шаралар жүргізілуде.
Іс-шараның бір күндік нәтижесі бойынша, ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 12 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 10 жасөспірім және кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне немқұрайды қарайтын 4 отбасы анықталып, Ішкі істер органының есебіне қойылды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласы бойынша 154 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде, түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болған 16 жасөспірім және түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 138 жасөспірім анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда. Осындай профилактикалық шаралардың ұйымдастырылуы қала тыныштығын сақтауға өз септігін тигізіп келеді. Қала тұрғындарының назарына кәмелетке толмаған балаларыңызды түнгі сағат он бірден кейін қадағалауды назарға алыңыз! Заңды елемегендер қалтасынан қағылып, айыппұл арқалауы бек мүмкін. «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы шаһарда ғана емес, еліміз бойынша өткізілуде. Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы және түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Мұндай рейдтік жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
