Түркістан облысында колледж түлектерін жұмыспен қамту жұмысы жаңа деңгейге көтерілмек. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен қаралды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды. Өңірде бүгінде 50 колледж жұмыс істейді. Онда 84 мамандық бойынша 46 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік тапсырыс негізінде оқитын жастар екен.
2024–2025 оқу жылында колледж бітірген 12 мыңнан астам түлектің 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары көрсеткіш. Әсіресе техникалық, өндірістік және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтарда еңбекке орналасу деңгейі 90–100 пайызды құрап отыр. Алайда қызмет көрсету, шығармашылық және кейбір әлеуметтік бағыттарда сұраныс төмен. Осыған байланысты алдағы уақытта еңбек нарығында қажеті аз мамандықтар қысқартылып, мемлекеттік гранттар өңірдің нақты кадр қажеттілігіне сай бөлінбек.
Жаңа оқу жылына Түркістан облысына 15 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Оның тең жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Дуальды оқыту жүйесі де қарқынды дамып келеді. Бүгінде 36 колледж 700-ге жуық кәсіпорынмен бірлесіп, студенттерді өндірісте оқытып жатыр. Сонымен қатар, өңір колледждері халықаралық деңгейде де нәтижелі жұмыс істеуде. WorldSkills Kazakhstan–2025 чемпионатында түркістандық команда жүлделі орындарға ие болып, республика бойынша үздік үштікке енді. Алдағы кезеңде студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық бақылау, дуальды оқытуды ірі инвесторлармен бірге кеңейту және кадр даярлауды инвестициялық жобалармен тікелей байланыстыру көзделіп отыр.
