Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Еліміздің барлық өңірінен келген 1052 жас спортшы зияткерлік додада бақ сынауда. Бұл – соңғы жылдардағы ең ауқымды жасөспірімдер чемпионаттарының бірі.Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы мемлекет деңгейінде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда облыста 20 спорт мекемесінде жүзге жуық жаттықтырушы екі мыңнан астам жас шахматшымен тұрақты түрде жаттығу жүргізеді. Түркістанда шахмат үйлері ашылып, ашық алаңдар орнатылған. Соның нәтижесінде өңір республикалық және халықаралық жарыстар өтетін орталықтардың біріне айналды.
Чемпионат аясында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы жасақталады. Жарыс жеңімпаздары ел намысын халықаралық ареналарда қорғайды.Дүбірлі дода 10 күнге созылады. Ұлдар мен қыздар 7 жас санаты бойынша классика, рапид және блиц түрлерінен сынға түседі. Жүлде қоры – 15 миллион теңгеден асады. Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық жасөспірімдер әлем және Азия чемпионаттарында 122 медаль иеленген. Сол чемпиондардың бірқатары Түркістанда өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр.
