Түркістан облысында «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылды. Экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған бұл бастама облыс әкімдігі мен ECO Network жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Алғашқы кезеңде жоба Созақ ауданындағы 5 жалпы білім беретін мектепті қамтып, өңірдегі экологиялық ағартудың жаңа бағытына жол ашты. Жобаны таныстыру мақсатында қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша ақпараттық-таныстыру шаралары ұйымдастырылды. Аталған бастама өңірдегі экологиялық ағартуды дамытуға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
«Жасыл мектеп» жобасы экологиялық білім беру деңгейін арттыруға, оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен жанашыр көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша білім беріледі. Жоба КАТКО компаниясының демеушілігімен, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған. Сонымен қатар жоба «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылып, ел көлемінде экологиялық сананы арттыруға қосылған маңызды үлес болып саналады.
Жоба аясында жиналған қалдықтардың көлемі туралы барлық дерек econetwork.green «жасыл» компаниялар порталында тұрақты түрде жүктеліп отырады. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша мектептерде ғана емес, оқушылардың бастамасымен олардың отбасыларында да қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты тәжірибесін қалыптастыру көзделген. Балалар жинаған сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, қатысушыларға сыйлық ретінде табысталады. Атап айтқанда, брелоктар, телефонға арналған тұғырлар әзірленеді. Басты жүлдесі – қайта өңделген пластиктен жасалған шахмат жиынтығы. Жоба қорытындысы бойынша үздік мектепті орындалған модульдердің нәтижелері негізінде арнайы комиссия анықтайды.
