Түркістан қаласында биыл жол-жөндеу жұмыстары ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Қала аумағындағы 845 шақырымды құрайтын 875 көшеде жол сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Қала тұрғындарының жайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін Түркістандағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін артады.
Сонымен қоса қала тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр.
Қазіргі таңда маңызды көше — Бейімбет Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары басталып кеткен. Ұзындығы 1,98 шақырым болатын бұл көшеде құрылыс бірнеше кезеңмен атқарылуда. 850 метр жол негізі әзірленіп, 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр.Жоба 2026 жылы толық аяқталмақ.
